Сайт туралы

admin_sp

Спорт психологиясы – жалпы психология ғылымының бір саласы.  Қазіргі уақыттағы спорт психологиясының негізгі міндеттері спортшының жан-жақты жоғары дәрежедегі спортта көптеген жетістіктерге жетуі үшін жеке тұлғалық қасиеттерін дамытып, психологиялық мәдениетін көтеру.  Спорттық жарыстардың алдында спортшының психикасын сол үрдіске бейімдеп, бәсекелестік қабілетін арттырып жеңімпаз ететіндей әрекеттер мен жаттығулармен қаруландыру.

 

Спорт психологының жұмыс бағыттары мен түрлері:

*  спортшының жеке тұлғасын тәрбиелеуді зерттеу және психологиялық негіздеу

* спортшының барынша психикалық мүмкіндіктерін нақты бағалау және мақсатты дамыту, арнайы психомоторлық қабілеттерін дамыту

*  жарысқа дайындалу және қатысу кезінде спортшының психикалық жұмысқа қабілеттілігін басқару

* спорттық командаларға психологиялық негізделген іріктеуді ұйымдастыру және командалық қызметтің прогрессивті динамикасын дамыту

*  психикалық қалпына келтіру әдістерін  іздеу және демалыс нысандарын оңтайландыру

*  спортшылардың дайындығын әлеуметтік-психологиялық қамтамасыз ету (тұлғааралық қарым-қатынас, жанжалдарды шешу және әлеуметтік-психологиялық тренингтерді ұйымдастыру)

Спорт психологының жұмысының мақсаты: арнайы психологиялық дайындық бағдарламасы негізінде спортшыларды жан-жақты психологиялық дайындау болып табылады, бағдарламаның іске асырылуы барысында спортшылардың өздерінің мүмкіндіктері мен қабілеттері туралы түсініктерді дамыту, өзгерту, өз жағдайын түсіну және бақылау, өз күшіне сенімділігін арттыру, спорттық нәтижелерді жақсарту.

Арнайы бағдарлама бойынша келесі бағыттар бойынша жұмыс түрлері:

* Спортшылардың психологиялық дайындығын жобалау

* Психологиялық ағарту

* Психологиялық түзету

* Психологиялық кеңес беру

* Жарысқа жалпы және арнайы психологиялық дайындық

* Спортшылардың психологиялық дайындығының мониторингі

Жарысқа жалпы психологиялық дайындықтың міндеттері:

* Моральдық-этикалық тәрбие

* Зияткерлік қасиеттерді жетілдіру

* Ерікті дайындық

* Кедергіге төзімділікті дамыту, сыртқы және ішкі факторлардың әсер етуін төмендету, жағымды қасиеттерін арттыру

* Жаттығуларды орындау үшін белсенділікті арттыру

* Жаттығудың орындалуына сын тұрғысынан бағалай алуы және келесі әрекеттерді жоспарлай алу қабілетін дамыту

* Ішкі жағдайлардың қолайсыздық тудыруы кезіндегі өзін-өзі реттей алу  тәсілдерімен қаруландыру

* Жүйке жүйе, психикалық күйлердің жағымды жағдайын сақтауды, қалпына келтіруге арналған жаттығулармен қаруландыру.

Жарысқа арнайы психологиялық дайындықтың міндеттері:

(Спортшылармен жеке және топтық жұмыс түрлері)

* Мақсаттарды анықтау және іс-әрекет жоспарын құру

* Спортшының іс-әрекетке дайындық жағдайын анықтау

* Өзекті жағдайдың диагностикасы және оны түзету

* Идеомоторлы дайындық

* Орнықты, бірқалыпты сенімділікке жету үшін тынышталу сәті

Спорт психологы:

  • Спортшыға жаттығу барысында, жарыс кезінде және жарыстан кейінгі сәттерде өзін-өзі реттей алуына үйретеді;
  • Спортшының бойында болуға қажетті қасиеттерді меңгеруге көмектеседі;
  • Спортшының бойында барынша психикалық мүмкіндіктерін нақты бағалауын және мақсатты дамытуын, арнайы психомоторлық қабілеттерін дамытады;
  • Жарысқа дайындалу және қатысу кезінде спортшға психологиялық жұмысқа қабілеттілігін басқара білуін үйретеді;
  • Спортшы тек спортта ғана емес өмірде кездесетін сәтсіздіктердің алдын ала білуіне, өзін-өзі реттей алу қабілеттеріне дағдыландырады;
  • Спортшының өзіндік дамуы мен қалыптасуына, еркін өз бетімен ерік –жігерін дамытуына бейімдейді.

Спорт – бұл қай уақытта болса да біздің мәдениетіміз бен қоғамның әлеуметтік өмірдің мазмұны, құрылымы, заңдылықтарының көрінісі бар  бір бөлімі. Спорттық ойындар көптеген миллиондаған адамдарды  өзіне қаратады және қызықтырады. Спорттық стадиондар, спорттық мекемелер, спорт өмірі, оның жолдары  — бұлардың барлығы спорттық күрес ғана емес, бұл біздің өмір сүру  салтымызға айналуда.  Бұл жеке тұлғаның қалыптасуы мен «мен» бейнесінің аясы, әрбір адам өз орнын таба алатын армандар мен тілектер жүзеге асырылатын аймақ. Спорт — қиындықтарды жеңудің алғашқы баспалдақтары мен тәжірибелері болып келеді.  Бұл жеңілу мен жеңудің, сонымен қатар сол үрдіс кезіндегі ішкі сыртқы сезімдерді басқару, өзімен-өзі жұмыс істей білу тәжірибесі. Бұл әрбір адам жас кезінде армандайтын кейіпкер мен жұлдыз болуға болатын қазіргі заманның бір мүмкіндігі.
Сондықтан да қазіргі кезде жас спортшылады да, тәжірибелі спортшы мен жаттықтырушылары да кәсіби тұрақты психологиялық қолдау мен көмекке мұқтаж екендігі барлық спорт саласындағы мамандарға белгілі.
Спорт саласында өз қызметімді 2008 жылдан бері бастап қазіргі уақытқа дейін көптеген мәселелермен танысып  спорт психологиясы саласында біршама тәжірибе жинақтадым. Ендігі уақытта осы сайт арқылы өз тәжірибемді және білімімді бөліскім келеді. Арнайы психологиялық қолдауды қажет ететін спортшыларға, спортшының ата-аналарына  және спорттық жаттықтырушыға көмек бере отырып еліміздің спортын дамытуға өз үлесімді қосамын деп ойлаймын.