Image default

Жасөспірім спортшыларды психологиялық даярлау бағдарламасы

Алматы қаласы Шаңырақ шағын ауданындағы Олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі республикалық мемлекеттік мекемесінің педагог-психологы Абдрешева Асем Ақбергенқызы

Түйін сөз

Спорт — бұл қай уақытта болса да біздің мәдениетіміз бен қоғамның әлеуметтік өмірдің мазмұны, құрылымы, заңдылықтарының көрінісі бар  бір бөлімі. Спорттық ойындар көптеген миллиондаған адамдарды  өзіне қаратады және қызықтырады. Спорттық стадиондар, спорттық мекемелер, спорт өмірі, оның жолдары  — бұлардың барлығы спорттық күрес ғана емес, бұл біздің өмір сүру  салтымызға айналуда.  Бұл жеке тұлғаның қалыптасуы мен «мен» бейнесінің аясы, әрбір адам өз орнын таба алатын армандар мен тілектер жүзеге асырылатын аймақ. Спорт — қиындықтарды жеңудің алғашқы баспалдақтары мен тәжірибелері болып келеді.  Бұл жеңілу мен жеңудің, сонымен қатар сол үрдіс кезіндегі ішкі сыртқы сезімдерді басқару, өзімен-өзі жұмыс істей білу тәжірибесі. Бұл әрбір адам жас кезінде армандайтын кейіпкер мен жұлдыз болуға болатын қазіргі заманның бір мүмкіндігі.

Өзектілігі — жас спортшылар да, тәжірибелі спортшы және оның жаттықтырушылары  да кәсіби тұрақты психологиялық қолдау мен көмекке бірдей мұқтаж екендігі барлық спорт саласындағы мамандарға белгілі.

Кілт сөз

Жасөспірімдер спорты, психикалық мүмкіндік, психомоторлық қабілет, спортшының психикалық жұмысқа қабілеттілігі. Психологиялық өзін-өзі реттеу. Еріктік дайындық.

Жасөспірімдер спорты үшін психологиялық тұрғыдан ең өзекті міндеттер,

ең алдымен;

*  спортшының жеке тұлғасын тәрбиелеуді зерттеу және психологиялық негіздеу;

* спортшының барынша психикалық мүмкіндіктерін нақты бағалау және мақсатты дамыту, арнайы психомоторлық қабілеттерін дамыту;

*  жарысқа дайындалу және қатысу кезінде спортшының психикалық жұмысқа қабілеттілігін басқару;

* спорттық командаларға психологиялық негізделген іріктеуді ұйымдастыру және командалық қызметтің прогрессивті динамикасын дамыту;

*  психикалық қалпына келтіру әдістерін  іздеу және демалыс нысандарын оңтайландыру;

*  спортшылардың дайындығын әлеуметтік-психологиялық қамтамасыз ету (тұлғааралық қарым-қатынас, жанжалдарды шешу және әлеуметтік-психологиялық тренингтерді ұйымдастыру).

Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері

Бағдарламаның мақсаты: спортшылардың жан-жақты психологиялық дайындығы болып табылады, бағдарламаның іске асырылуы барысында спортшылардың өздерінің мүмкіндіктері мен қабілеттері туралы түсініктерді дамыту, өзгерту, өз жағдайын түсіну және бақылау, өз күшіне сенімділік арттыру, спорттық нәтижелерді жақсарту.

Осы бағдарлама бойынша келесі бағыттар бойынша жұмыс түрлері:

* Спортшылардың психологиялық дайындығын жоспарлау

* Психологиялық ағарту

* Психологиялық түзету

* Психологиялық кеңес беру

* Жарысқа жалпы және арнайы психологиялық дайындық

* Спортшылардың психологиялық дайындығының мониторингі

Жарысқа жалпы психологиялық дайындықтың міндеттері:

* Моральдық-этикалық тәрбие

* Зияткерлік қасиеттерді жетілдіру

* Еріктік дайындық

* Кедергілерге төзімділікті дамыту, сыртқы және ішкі факторлардың әсер етуін төмендету, жағымды қасиеттерін арттыру

* Жаттығуларды орындау үшін белсенділікті арттыру

* Жаттығудың орындалуына сын тұрғысынан бағалай алуы және келесі әрекеттерді жоспарлай алу қабілетін дамыту

* Ішкі жағдайлардың қолайсыздық тудыруы кезіндегі өзін-өзі реттей алу  тәсілдерімен қаруландыру (саморегуляция)

* Жүйке жүйе, психикалық күйлердің жағымды жағдайын сақтауды, қалпына келтіруге арналған жаттығулармен қаруландыру.

 Жарысқа арнайы психологиялық дайындықтың негізгі міндеттері

(Спортшылармен жеке және топтық жұмыс түрлері)

* Алдына қойған мақсаттарды анықтау және іс-әрекет жоспарын құру

* Спортшының іс-әрекетке дайындық жағдайын анықтау

* Психикалық проблемалық  жағдайдың диагностикасы және оны түзету

* Идеомоторлы дайындық

* Орнықты, бірқалыпты сенімділікке жету үшін тынышталу сәті

Осылайша, спортшының психологиялық дайындығының ішкі жағдайы келесі  көрсеткіштермен сипатталады:

— спортшының өз күшіне деген сенімі;

— жарыс мақсатына жету үшін, жеңіске жету үшін табанды және соңына дейін күресуге ұмтылу;

— жарысу ниеті;

— эмоциялық қозудың оңтайлы деңгейі;

— сыртқы және ішкі факторларға қарсы кедергіге төзімділіктің жоғары болуы;

— өз іс-әрекеттерін, ой-өрісін, сезімдерін, мінез-құлқын басқару қабілеті.

Оқушылардың ата-аналарымен психологиялық жұмыстың міндеттері:

  1. Балаларды тәрбиелеу мәселелерінде психологиялық мәдениетті арттыру;
  2. Проблемалық жағдайларда психологиялық кеңес беру;
  3. Қажетті психологиялық білімді қалыптастыру;
  4. Ата-аналардың балаларының спорттық іс-әрекетіне жағымды қарым-қатынасының маңыздылығы туралы түсініктерді қалыптастыру.

Жаттықтырушы-оқытушылармен психологиялық жұмыстың міндеттері:

  1. Тұлғалық және кәсіби құзыреттілікті арттыру;
  2. Қажетті психологиялық білім мен дағдыларды қалыптастыру;
  3. Жаттығу процесін оңтайландыру мәселелері бойынша психологиялық кеңес беру;
  4. Кәсіби және жеке қасиеттерін дамыту;
  5. Спортшылармен өзара іс-қимыл қарым-қатынас тиімділігін арттыру.

Негізгі іс-шаралар жүйесі

Психологиялық дайындықтың үш деңгейін атап өтуге болады:

Әлеуметтік-психологиялық, психофизиологиялық және психологиялық деңгей.

  1. Әлеуметтік-психологиялық деңгей. Бұл жерде командадағы қарым-қатынас, команданың жеке тұлғаның дамуына әсері, оның қалыптасуы, сондай-ақ командадағы тұлғаның рөлі, тұлғаның және спорттық ұжымның қалыптасуы.
  2. Психологиялық деңгей адамның өзіне деген көзқарасын көрсетеді. Адамның өзінің қызметін жүзеге асыру қабілетін қамтамасыз ететін қасиеттері мен сапасын талдайды. Бұл жерде өзін – өзі тану, өзін-өзі бағалау, дүниетаным сияқты күрделі құбылыстар- бір сөзбен айтқанда, өзіне адами тұлға ретінде көзқарас.
  3. Психофизиологиялық деңгей адамның анатомо-физиологиялық деректер ретіндегі өз ағзасының мүмкіндіктеріне қатынасын көрсетеді.

Осылайша, психологиялық дайындық үш деңгейді қамтиды: командалар, жеке тұлғалар және жеке ерекшеліктер. Мұндай үш деңгейлі тәсіл спортшының «жан-жақты үйлесімді дамуына» бағытталған дайындық жүйесін мақсатты түрде құруға мүмкіндік береді

«Спортшыларды психологиялық даярлау» бағдарламасы диагностикалық жұмысты, консультациялық қызметті (диагностикалық зерттеулердің қорытындысы және білім беру процесіне қатысушылардың сұранысы бойынша), түзету-дамыту қызметін қамтиды.

Психодиагностика спортшыны және оның мүмкіндіктерін зерттеуді мақсат етіп қояды. Бұған негізгі психодиагностика кіреді, ол әдетте жарыс кезеңінің басында өткізіледі және спортшының әлеуетті мүмкіндіктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Жүйке жүйесінің, когнитивтік процестердің – қабылдау, есте сақтау, ойлау, зейінді, психомоторлық сфераның жеке ерекшеліктері, сипаттың даму дәрежесі, атап айтқанда мотивация және ерік сапасы бағаланады.

Осылайша, психодиагностиканы практикалық қолдану келесі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді:

— спортшыларды іріктеу

— алдағы жарыстарға дайындық деңгейін анықтау

— жаттықтырушыға спортшы және командамен жұмыс істеу бойынша жеке ұсыныстар әзірлеу және ұсыну, сондай-ақ спортшының өзіне ұсыныстар беру.

Кеңес беру қызметі мен психологиялық-педагогикалық ұсыныстар жаттығу процесіне, спорттық режимге де қатысы бар. Базалық диагностика процесінде алынған деректер спортшыға кешенді әсер етудің негіздемесіне айналады. Психолог қажетті психикалық қасиеттерді дамыту үшін нақты тапсырмалар мен жаттығуларды әзірлейді және оларды спортшыны даярлаудың жалпы жоспарына енгізу үшін жаттықтырушыға береді. Қажет болған жағдайда жеке жұмыс, топтық іс-шаралар, мысалы, команданы топтастыру жоспарланған кезде. Бұл жұмыстың басты міндеті-алыс және жақын мақсаттарды қою және спортшының жеке ерекшеліктерін ескере отырып психологиялық дайындық жоспарын құру.

Түзету-дамыту қызметі негізгі психикалық функцияларды дамыту бойынша жұмысты- босаңсыту және күш салу тәсілдерін оқытуды, аутогендік жаттығуларға оқытуды, команданы, ұжымды қалыптастыру кезеңінде тренингтік жұмысты қамтиды). Диагностикалық тексерулердің қорытындылары бойынша және сұраныс бойынша жүргізіледі. Осы Қызмет түрінің мақсаты -спортшының психикалық мүмкіндіктерін, оның психомоторлық қабілеттерін мақсатты дамыту, жарыстарға дайындалу және қатысу кезінде спортшының жағдайын басқару, сондай-ақ өзін-өзі бағалау, өзіне және өз күшіне деген сенімділікті арттыру болып табылады.

Жаттықтырушы-оқытушылармен жұмыс спортшының психологиялық дайындығының ажырамас бөлігі болып табылады, өйткені жаттықтырушының «тәрбиесі» арқылы спортшының «тәрбиесі» жүріп жатыр. Жұмыс сондай-ақ психологиялық диагностиканы, психологиялық түзету-дамыту, психологиялық ағартушылық қызметті және психологиялық кеңес беруді көздейді.

Қорытындылай келе жасөсіпірім спортшыларды психологиялық даярлаудың кешенді бағдарламасын спорттық интернаттық мекемелерде пайдалану өте тиімді. Себебі мұндай мекемелерде жас спортшыларды үлкен спорттық жарыстарға даярлау үшін жан-жақты мамандандырылған және техникалық базалық жағдайы өте қолайлы болып саналады. Күнделікті спорттық оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру барысында мамандармен бірлесіп жас спортшыларды психологиялық даярлау бағдарламасын жүзеге асыруға болады.  Әрбір жас спортшы үлкен спорт табалдырығында тұрғандықтан олардың жастайынан қажетті психологиялық әдіс-тәсілдерді бойына сіңіріп, күнделікті жаттығу барысында өзін-өзі бағдарлау мен зерттей алу, өз алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жетудің жолдарын зерделеп өз бойына сіңіретін болса, өсе келе барлық бойындағы болып жатқан түрлі сезім-күйлерді өзі реттей алу қасиеттеріне ие болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Е.П.Ильин «Психология спорта», 2012, ПИТЕР
  2. И.П Волкова «Практикум по спортивной психологии» 2002, Санк-Петербург
  3. Н.В.Цзен, Ю.В.Пахомов «Психо-тренинг» игры и упражнения, 1988, Москва, Физическая культура и спорта.
  4. Ә.Алдамұратов «Жалпы психолоия», Алматы «Білім» 1996.
  5. И.Э.Казанцева, Н.И.Богачева, Т.Ю.Любимова «Этика и психология», Учебное пособие, Алматы, 2009.

Пікір жазу